Arman Astana'nın Notları

Görünüm: Tam | Özet
Осыдан жиырма жылдай бұрын, қазақ әдебиетінің ұлы көшіне біраз даңғаза – дабырмен жамырай келіп қосылған бір топ талантты замандастар ортасынан бұйра бас, қара торы, өңді өспірім жігіт бірден жұрттың назарын аударған еді. Асықпай, айшықтап шешен сөйлейтін, барынша білімдар жігіттің биязы мінезі дәлелді пікірлеріне әркім-ақ ден қоятын.
Әбіш Кекілбаев түрікмен даласымен шектес жатқан Маңғыстау түбегінен болғандықтан, осы түбектегі өмір, тірлік, салт-сана туралы, ежелгі аңыз-әңгімелер, ата-бабалар тағдыры жайында, даланың қым-қуат бояулары төңірегінде қызыға, қызына әңгімелейтін. Ол кезде Әбіштің баспадан алғашқы өлеңдер жинағы шығып, баспасөзде алғашқы мақалалары жарияланып жатты.
Әбіш Кекілбаев осы жылдар ішінде тынымсыз табанды еңбек етіп, талантын әр қырынан таныта білді. Өлеңдер жинағынан басқа повесть, әңгімелердің, сыни еңбектерінің бірнеше кітабын шығарды.”Аңыздың ақыры», «Үркер»,»Елең-алаң» аталатын романдар жазды. Г.Мопассанның «Өмір», «Пьер мен Жан» романдарын, Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының тарауларын, шет ел жазушыларының әлденеше пьесаларын, әңгімелерін қазақ тіліне аударды.
Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық жолы қазақ әдебиетшілері өз халқының өткені мен тарихтың көмескі беттерін жапа тармағай жаза бастаған тұсқа сәйкес келді. Прозашы Ә.Кекілбаев, біздіңше тарихқа басқадай жолмен барды. «Күй», «Ханша –дария хикаясы», «Шыңырау», «Бәсеке» атты повестерінде автор ежелгі аңыз-әңгімелерді шебер пайдалана отырып, өткен күннің жарқын да қаһарлы бейнесін, моральдық бейнесін жасайды, бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерін қозғайды. Москваның «Молодая гвардия» баспасынан шыққан Әбіш Кекілбаевтың «Дала балладалары» кітабына жазған алғы сөзінде Әбдіжәміл Нүрпейісов былай дейді: «Ол өзінің шығармаларында атақты тарихи тұлғалар есімін саудаға салмайды. Ол өз халқының өткен тұрмысын әспеттеу, әйтпесе мансұқ ету секілді мінезден де аулақ. Адам өмірінің әлеуметтік сыр-сипаттарын философиялық, психологиялық тұрғыдан терең көрсетуі бұл повестердің шыншылдық қасиетін ерекше көтере түскен».
Өзге замандас жазушылары секілді, Әбіш Кекілбаев та өз халқының ежелгі әдет-ғұрып, дәстүр-тағлымдарын егжей-тегжейлі, кейде қызыға суреттеуге құмбыл, ол көшпенділер өмірінің қазір ұмытыла бастаған этнографиялық детальдарына ерекше мән береді.
Әбіш Кекілбаевтың прозасы, жалпы алғанда, өмір құбылыстарына байсалды ой-парасат көзімен қарауға шақырып, өткен мен бүгіннің ажырамас, диалектикалық бірлігін тереңірек түсінуге көмектеседі. Бұл проза қазақ тілінің ауызша, жазбаша озық өнегелеріне арқа сүйейді, содан да ол философиялық интеллектуальдық мағыналарға бай болып келеді.
Әбіш Кекілбаев «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған, 1986 жылы «Үркер», «Елең-алаң» романдары үшін ҚССР-нің Мемлекеттік
Абай атындағы сыйлығының лауреаты атанды. 1995 жылы Әбіш Кекілбаевқа Қазақстан халқының тарихына, рухани мұрасына құрмет сезімін қалыптастыратын терең әдеби және публицистикалық шығармалары үшін «Президенттің бейбітшілік пен рухани татулық» сыйлығы берілген. Әбіш Кекілбаев – «Қазақстанның халық жазушысы», мемлекет және қоғам қайраткері.
Жәнібек Әбусағит (туған жылы мен өлген жылы белгісіз) - Қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы, Барақ ханның ұлы, Орыс ханның шөбересі. XV ғасырда өмір сүрген. XV ғасырдың 50-жылдарына дейінгі өмірі мен қызметі туралы нақты деректер жоқ.

1456 жылы Дешті-Қыпшақта шайбанид Әбілхайыр билікті қолына алған соң, көшпенді халықтың Жәнібек пен Керей бастаған бір бөлігі Моғолстанға қоныс аударып, Шу мен Қозыбасы өзендерінің аңғарында орын тепті. Моғолстан ханы өз қарсыластарымен болатын күресте көмектесер деген есеппен қазақ басшыларымен одақтас болды. Өзара қырқысулар мен соғыстардан жапа шеккен 200 мыңға жуық көшпенділер Жәнібек хан мен Керей ханның маңына топтасты, олардың билігінің күшеюі 1468 жылы Моғолстанға әскери жорық жасамақ болып, бірақ жол үстінде кенеттен қайтыс болған Әбілқайырға олар тарапынан қауіп төнуі мүмкін деген ой салды.

Әбілқайыр хан өлімінен кейін хан тағы үшін болған өзара қырқысулар Дешті-Қыпшақта өрши түсті, оған туған жерге оралуды көздеп жүрген Жәнібек хан мен Керей хан да араласып кетті. Олар Әбілқайыр мұрагері Шейх-Хайдар ханмен кескілескен шайқасқа түсті. Өз әміршілері тарапынан ешқандай көмек ала алмаған Шейх-Хайдар билік үшін күресте жеңіліске ұшырады. Бұдан кейін Дешті-Қыпшақтағы билік Орыс ханның тұқымдары - Жәніібек хан мен Керей ханның қолдарына өтті. Олар тағы да отыз жыл бойы шайбанилықтармен табан тіресе шайқасты.

Биліктің Орыс хан тұқымдарының қолына өтуі де «Көшпелі өзбектер мемлекетіндегі» саяси жағдайды өзгерткен жоқ. Дегенмен, бұл оқиға «Көшпелі өзбектер мемлекеті» атының Дешті-Қыпшақ болып өзгеруіне ықпал етті. Бір кездері Моғолстанға қоныс аударған адамдар Өзбек ұлысында «қазақтар» деп атала бастады және бұл атау бүкіл хандыққа тарай бастады. Билік үшін күрес Жәнібек хан мен оның үзеңгілестері қазақтардың бірігуі мен Қазақ хандығының құрылуына үлес қосты.

XV ғасырдың орта менінде ежелден Жетісу өңірін мекендеген түркі тайпалары бір этникалық топқа біріге келе, қазақ халқын құрады. Жәнібек хан мен Керей хан Жетісу өңірі, Шу мен Талас өзендерінің бойын мекендеген қазақтардың басын қосуда көп еңбек сіңірді. Бұл мақсатпен олар өзара қырқысуларды басып, ірі феодалдарды маңайына топтастырды. Жәнібек ханның Дешті-Қыпшаққа оралғаннан кейін билігін күшейткені туралы, өмірінің соңғы жылдары мен өлімі туралы деректер жоқ. Оның есімі тарихи деректерде соңғы рет1473 жылы кездеседі. Бұдан кейінгі жылдары Керей хан туралы ғана айтылған. Жәнібек хан жиі болатын шайқастардың бірінде қаза тапқан деп болжауға болады. Сақталып қалған халық аңыздары мен өлеңдерінде Жәнібек ханды Әз Жәнібек деп атаған.
... Шаттық жыр ағыл-тегіл, жаз қаламым,
Шат өмір шалқуыңа аз ба, жаным.
... Ырысты еркін, азат елім қандай,
Кең байтақ, кен дәулетті жерім
қандай...

Қандай шаттыққа, сенімге толы жыр еді! Осындай риясыз қуанышпен жыр-тұлпарының тізгінін тыймай, еркін ұстаған ақын құдырет-күш тәңірісіндей сымбатты, еңселі адам болып елестейді. Оның жүзі жарқын, жаны жазирадай кең, жанары жарқылға толы болса керек-ті.
Ілияс Жансүгіров Талдықорған (қазіргі Алматы) облысының Ақсу ауданында туған. Алғаш Қарағаш ауылындағы мектепте жадитше оқып, өз бетімен оқи, жаза алатын дәрежеге жетті. 1919 жылы Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсқа түсті де, оны бітірген соң өз ауылында мұғалім болды. Онан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеді. 1922 жылы Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтына оқуға түсіп, оны 1928 жылы бітірді. Мәскеуден оралғанда «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке алынды. 1933-1936 жылдары ҚАССР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болды. Қазақстан Жазушылар Одағының председателі қызметін атқарып жүрген есіл ақынға орынсыз жала жабылып, репрессияның жазықсыз құрбаны болды.
Ілиястың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады.
Ақын ретінде Ілияс шығармаларының шоқтықты шыңы – оның поэмалары. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер»сияқты он беске жуық көлемді поэмалары қазақ поэзиясының інжу-маржаны болып табылады.
Ілияс Жансүгіровтің прозалық шығармасының ішіндегі көлемдісі «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігін, азаттықты көксеген арман-аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді.
Ілиястың драма саласындағы «Кек», «Түрксіб», «Исатай-Махамбет» сияқты туындылары да қаламгер дарынына айғақ шығармалар. Ол әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.С.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ, М.Ю.Лермонтовтың, А.М.Горькийдің, Н.А.Некрасовтың, В.В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Ілияс Жансүгіров қазақ сөз өнерінің поэтикасын кемелдендірген, көріктендірген қайталанбас дарын иесі. Оның шығармалары қазақ әдебиетін ұдайы көркемдіктің шырқау шыңына бастай беретін мәңгілік үлгі-өнеге.
Бүгінде Жансүгіровтің еліміздегі аса көрнекті жазушыларының қатарына қосылатынына, қазақ көркем сөз өнерінің асқан шеберлерінің бірі екеніне ешкім де шүбә келтіре алмайды. Ақын жырларын халық қастерлеп, жастайынан жаттап өсуде.
Ілияс Жансүгірұлының ұлтымыз өміріндегі орны орасан, қазақ әдебиетіндегі әлемі айрықша. Ол – қазақ жырының тұлпар Құлагері. Ол – туған әдебиетіміздің бір асқар Алатауы, немесе жыр Жетісуы. Иә, ол қазақ әдебиетіндегі қайталанбас, қала берді әлем әдебиетіндегі сирек, сара құбылыс. Оған бұл орайда жетіспейтін жалғыз-ақ нәрсе – бес құрылық халықтары тіліне аударылмай жатқандығы. Бұл жерде баса айтатын бір ерекшелік - өнердің заңы өмірдің заңынан да өргелек. Бейнебір бақи дүниенің қағидасы пәни дүниенің қағидасынан басым түсіп жататындай... Мәселен, әйгілі әлемдік тартылыс заңын кезінде ұлы ағылшын ғалымы Исаак Ньютон зерттеп, зерделеп таппаса да кейіннен басқа біреу міндетті түрде табар еді. Ал, «Евгений Онегинді» тек А.С.Пушкиннен басқа ешкім қалайша жаза алмаса, «Жетісу суреттерін», «Күйші», «Рүстем қырғынын», «Исатай-Махамбетті», «Құлагерді» нақ солайша Ілияс Жансүгірұлынан басқа ешкім жаза алмайды. Осы ретте біз оқырманымызға қатысты Луи Арагонның мына бір сөздерін алға тартсақ түк артық емес: «Біздің ғасырымыздың маңдайына бірнеше ақындардың нұрлы есімдері мөр болып басылған. Англияда ол – Киплинг, Францияда – Апполинер мен Элюар, Германияда – Рильке, Испанияда – Гариса Лорка. Осынау нұрлы күндердің қайсысы сөнсе де, нақ сол күні әлемді қара түнек басқандай болатын. Бірақ олардың қай-қайсысының да соңына қалдырған мұрасы көлеңке емес, жалын, ақ жалын еді».
«Қазақстанда олар – Мағжан Жұмабайұлы мен Ілияс Жансүгірұлы» дегенді қосқымыз келер еді. Ақын бүгінгі егемен Еліне, ерікті де еркін қандастарына қарап тіл қатады:
Астана Алатаудан саңқылдасам,
Жетпей ме жер жүзіне жаңғырығым!
Ақын Ілияс Жансүгірұлының үні жер жүзіне таралып жатыр...
Ораз Кәкімұлы Жандосов – Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға және нығайтуға белсене қатысқан партия қайраткері. Алматы облысының Қаскелең ауданында батырақ отбасында туған. 1918 жылы Верныйдағы (Алматы қ.) ерлер гимназиясын бітіріп, революциялық жұмысқа қатысты. Жетісу совдепінің нұсқаушысы болып, жергілікті жерде Кеңес өкіметін нығайтуға ат салысты. Жетісудың ұлт істері жөніндегі облыс бөлімін басқарды. 1919-21 жылдары Түркістан КП мұсылман коммунистері секциясы облыс бюросының председателі, Верныйда Қапал, Жаркент, Лепсі уездерінде бүлікшілерді талқандауға белсене қатысты. Жетісу облысы революциялық-әскери комитетін және облыстық «Қосшы» одағын басқарды, 1921-23 жылдары Түркістан КП ОК-нің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болды. 1923 жылы Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылық академиясында оқыды. 1924-28 жылдары БК(б)П Қазақстан өлкелік комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі. Ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі экспедицияны басқарды, ғылыми зерттеу жұмысымен айналысып, ғылыми еңбектер жазды. 1928-37 жылдары ҚАССР ағарту халкомы, Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушы, Қазақ Ауыл шаруашылық институтының директоры, СК(б)П Кеген аудандық комитетінің 1-секретары, Алматы облысы Аткомының председателі болды. Партияның ХІІ, XIV-съездерінің және КСРО Кеңестерінің ІІ, VII, VIII-Бүкіл одақтық съездерінің делегаты. 1920-25 жылдары БК(б)П Түркістан КП ОК-нің мүшесі және бюро мүшесі, 1925-27 жылдары Қазақстан өлкелік партия комитетінің мүшесі және бюро мүшесі, Түркістан Республикасы ОАК президиумының және БОАК мүшесі, Қазақ ОАК және оның президиум мүшесі. Қазақстан өлкетану қоғамы басқармасының төрағасы.
Жабаев Жамбыл – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлділі, жырау, жыршы. Туған жері-Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі. Топырақ бұйырған жері-Алматы облысының Ұзынағаш елді мекені. Шыққан тегі-Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы.

Жамбылдың өсіп-өнген топырағында ән-күй, ақындық-жыраулық өнер айрықша биікке көтерілген. М.Әуезовтың «Қазақ халқында ерекше дамыған айтыс өнері XIX ғасырдан бергі жерде өзге жерлерде саябырсып, Жетісу, оңтүстік өлкелерінде шоғырлана бастайды» деуінде үлкен тарихи себеп бар. Біріншіден, Қазақстанның өзеге өңірлерін ертерек шарпыған отаршылдық ел ішінің дәстүрлі қалыбына өктемдігін жүргізіп, шырқын бұзып үлгергенде, Жетісу алабы әзірше қағаберісте еді. Екіншіден, бұл өңірдің ертеден тамырын тереңге жайған өнерпаздық дәтүрі шын мәнінде XIX ғасырдан бергі жерде айрықша биік өреге көтеріліп еді. Осы кезде Жетісуға сонау Арқадан ұлы Абайдың келуі, Біржан, Шашубай, Балуан Шолақ сияқтты дауылпаз әнші-ақындардың келуі, сөз жоқ, ең алдымен олардың алыстан жаңғырығы жеткен ұлы өнер мектебіне деген ұмтылыстарына байланысты еді.

Осындай өнер бесігінде тербеліп өскен Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Ол бозбала шағының өзінде-ақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіптен көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген. Осы кезде өрттей жалындап, жұрт аузына іліккен жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйімбайға жолығып, оның арқалы өнеріне құныға ден қойып батасын алады. Мұнан әрі жал-құұйрығы сүзілген жүйріктей арындап, сол кездегі Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбет сияқты ақындықтың жылжыған жорға, жылмиған жүйріктерімен айтысқа түскен Жамбыл ұдайы шоқтығын асырып отырған.

Жамбылдың ақын-жырау ретінде қалыптаса бастаған кезі Ресей отаршылары-бір жағынан, Қоқан хандығы-екінші жағынан, жергілікті жандайшаптар-үшінші жағынан қазақ халқын әлеуметтік-саяси қыспаққа алған шақ еді. Жаны сергек, санасы өрелі Жамбыл өзінің «Шағым», «Жылқышы», «Зілді бұйрық» сияқты өлеңдерінде елдің әлеуметтік-саяси өмірін ақындық шыншылдықпен,азаматтық жауапкершілікпен бедерлейді.

Жамбыл Қазан төңкерісінен кейінгі елдің саяси-әлеуметтік өміріндегі тарихи өзгерістерге үлкен үмітпен ден қояды. Оның «Туған елім» атты толғауы 1936 жылы жарық көріп, онан соң орыс тіліне аударылған нұсқасы «Правда» газетінде жарияланып, қарт ақынның даңқы бүкіл әлемге жайылды.Халқына қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл, шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақ иық қыранындай, жыр нөсерін селдетеді. Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен.

Жамбыл-әрі эпик, әрі айтыс ақыны, абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық-саяси поэзияны қалыптастырушы. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталады. Жамбыл –ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі интернационалист ақын. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру-біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз»-деген еді Сәкен Сейфуллин.
Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598-жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім хан - Шығай ханның баласы, ол бұрын қазақ хандығының Түркістан қаласындағы хан ордасында тұрған. Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңды құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты.

Ташкент қаласы қазақ хандығына қараған соң оны Жәнібек ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан басқарған еді.Ол көп ұзамай тәуелсіз хан болуға әрекет жасады. Тіпті өз атынан ақша соқтырып, «бажы және хараж» алым-салықтарын жинады. Сонымен, қазақ хандығын екіге бөліп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен Тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Бұл екі жақ ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ билеушілерінен өздеріне одақтас-жақтастар іздеуге кірісті. Есім хан тобы Яркент хандығына қарсы болып Тұрпанды билеген Әбдірахим ханмен одақтасты. Ал Тұрсын Мұхаммед хан жағы Яркент билеушісі Шажайдің Ахметтің жақтасы болды. Бұлармен одақтасып отырған Әбдірахим мен Ахметтер де бір-бірімен жауласып отырған билеушілер болатын. Есім хан өзіне мықты сүйеніш ету үшін Яркент ханы Әбдірахиммен құдандалық байланыс орнатты. Есім хан Әбдірахимнің қызы Патша ханымға үйленді де, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахимге берді. Есім хан мен Тұрсын хан арасында күрес шиеленісе берді, 1627-жылы Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді. Есім ханның феодалдық бытыраңқылықты жеңіп, қазақ хандығын біріктіру жолындағы күрестері қазақтың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи жырына өзек болған. Есім хан Ташкент қаласына білдіртпей түнде кіріп, хан сарайының күзетшілерін байлап тастап, Тұрсын ханды қаперсіз ұйықтап жатқанда қапылыста өлтіреді, сонда Есім ханның қасындағы Төлеген (Марқасқа) жырау оны мынадай жырмен оятады:
«Ей, Қатаған хан Тұрсын!
Кім арамды ант ұрсын.
Жазықсыз елді жылатып,
Жер тәңірісің, жатырсың,
Хан емессің қасқырсың,
Қара албасты басқырсың!
Алтын тақта жатсаң да
Қазаң жетті қапылсың!
Еңсегей бойлы ер Есім,
Есігіңе келіп тұр,
Шашқалы тұр қаныңды,
Кешікпей содан қатарсың!

Есім хан шошып оянған Тұрсын ханның басын алады. «Бахыр әл асырардың» авторы Махмұд ибн Уәлидің айтуына қарағанда, есім хан 1628-жылы қайтыс болған. Ал «Қазақ совет энциклопедиясының» мәліметіне қарағанда 1645-жылы қайтыс болған делінеді.
Міржақып Дулатов – қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалын көсемсөз шебері. Туған жері - бұрынғы Торғай уезінің Сарқопа болысының үшінші ауылы. Әкесі Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған, ер-тұрман жасап, етік, мәсі тіккен. Шешесі Дәмеш ойын-тойдың базары, әнші кісі болған.
Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен 12 жасында айырылып ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты халін көріп, түңіледі, тебірене толқиды. Езілген еліне ес болуға, жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға серт байлайды. Халық ісіне бар болмысымен бүтіндей беріліп, «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, алаш» деп, бар дауысымен жар салады.
Өз бетінше талпынып, білім жинап, орыс тілін жетік меңгерген Міржақып орыстың озық ойлы азаматтарының еңбектерімен танысуы арқасында замана тозаңын суырып, дүниені дүр сілкіндірер дауылды күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді. Кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан бейқам халқын:
«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты», -
деп, жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс-әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты – түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады.Сол егіз үн тарих мінбесінен қатар көрінген екі алыптың қашан соңғы демдері таусылғанша, тағдыр талқысымен екеуі екі жақта жүрсе де, қуғынға түсіп, қамауға алынса да үзілмей, қатар естіліп тұрды.
Ерте оянып, ерте есейген өр мінезді Міржақып қашанда күрес шебінің алдында болды. Жалынды сөзімен де, тындырымды ісімен де, жеке басының жүріс-тұрысымен де ол өзінен кейінгі жастарға әсер етіп, оларды халық ісіне алаңсыз берілуге үндеді. Оның публицистикалық толғауларынан шағын өлеңдеріне дейін, «Бақытсыз Жамал» романынан газет-журналдардағы шағын мақаласына дейін халық мүддесіне арналды. Сонымен қатар ол жастарды тәрбиелеу жөнінде көп ойланып, көп еңбектенді, халықтың пайдалы әдет-ғұрпын сақтауға, елін, жерін сүйетін тәрбие беруге күш салды. Жазушылық, қоғамдық қызметке педагогтік міндетті қосарлап көтеруі де Міржақыптың халқын беріле сүйетіндігінің айғағы еді. Ел бейнетіне өгіз болып жегіліп, ертеңі үшін жанын қиған Жақаң:
«Ем таба алмай дертіңе мен ертеден,
Сол бір қайғың өзегімді өртеген.
Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден,
Еңсең неге түсті мұнша, елім-ай», -
деп дүниеден арманда кетті.
Батырлығы мен қолбасшылық дарыны арқасында Бөгенбай үлкен құрметке бөленіп, ерлігі ел аузында аңызға айналып кетті. XVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласын қорғауда Бөгенбай батыр қамал бұзар қайратымен көзге түсті. Олжабай, Қабанбай, Малайсары секілді дарабоздармен қоян-қолтық Көксерке атын борбайлап, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы талай қанды айқастарға қатысты. Бөгенбайдың қалмақтармен және қытай әскерлерімен болған қиян-кескі шайқастарда көрсеткен қайраты сол кезеңдегі жорық жырауларының толғауларында мәңгі өшпес өлең тілімен өрнектеліп қалды. 1725-1727 жылдары Бөгенбай батыр Абылай ханмен бірге қазақ қолын басқарып, осы ұрыс нәтижесінде ойсырай жеңілген онсон қалмақ әскері Түркістан мен Саураннан Жоңғар Алатауының арғы жағына қуылған болатын. 1756-1758 жылдары Бөгенбай батыр Талқы түбінде Шығыс Түркістанға алғаш рет аяқ басқан қытай әскерімен қиян-кескі шайқасқа қатысты. Бұл ұрыста ол қытайларды қыра талқандап, Үрімшіге дейін қуып барды.

XVIII ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары Бөгенбай батыр, көрші елдермен келіссөздер жүргізу мәселесіне етене араласқан. Оның Кіші жүз елімен жиірек қатысуында да бір мән бар. Біріншіден, орыс әкімшілігі арқылы қалмақ-башқұрт елдерінде тұтқында жүрген сарбаздарын қайтарып алу мәселесі болса, екіншіден, Ресей патшасымен одақ құрудың келешегі қалай болар екенін бағдарлау. Бұл тұста қазақ елінде іргелі хан ретінде Әбілқайыр ғана белгілі еді. Оның орыс әкімшілігімен жүргізіп жүрген келіссөздері бірде нәтижелі, бірде аяқсыз қалып келе жатқанын Бөгенбай батыр секілді қолбасшылар бақылап отырды. Бұл кездің тағы бір ерекшелігі – ел ішінен жиналған саңлақ сарбаздарды халық арасында абырой-беделі бар батырлар басқарды. Қолбасы батырлар халықтың ұлы жиын, үлкен кеңесінде жалпы бұқараның ұсынысымен тағайындалды, осындай кеңесте 1710 жылғы Қарақұмда Бөгенбай батырды бүкіл халықтың қалауымен қазақ жасақтарының қолбасы етіп сайлайды. Осы жасақтар әзірлігінің арқасында, қару-жарағы мол жоңғар әскерлеріне тез арада ойсырата соққы беріп жүрді.

Бөгенбайдың нағыз толысқан шағы – батырлығына қоса от ауыз, орақ тілді шешен кезі еді. Осы уақыттарда сыртқы жаумен жекелеген ұрыс-шайқастарда бірқатар жеңістерге жетіп, бүкіл алашқа аты шығып, даңқы артқан болатын. Бөгенбай батыр ұрыстарда ұдайы жүрмеген адам, елінің алды-артын болжаған, халқының келешегін көп ойлаған абзал жан. Жас кезінде шайқастарда батырлығымен көзге түссе, өз елінде қолбасшылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен сыйлы болған.

Бөгенбай жорықтарын, қоғамдық істерін, негізінен, бес кезеңге бөлуге болады:
1. 1696-1697 жылдары жоңғар қалмақтарымен шайқастары,
2. 1710 жылғы Қарақұмда бүкіл қазақ елі жасағының қолбасы болуы,
3. 1723-29 жылдардағы қазақ елінің жоңғарлардан жаппай жеңілісі мен онан кейінгі халқымыздың сыртқы жауға берген тойтарыстарын ұйымдастыру,
4. 1731-1735 жылдардағы орта жүз бен Ресей қарым-қатынасын ыңғайластыру шараларын жүзеге асыру,
5. 1750-1760 жылдардағы Алтай-Тарбағатай, Жетісу жорықтарын ұйымдастыру.

Бөгенбайдың батырлығынан басқа ақылгөй-көрегендігін, мейірбан-адамгершілігі жоғары, бейбіт жан болғандығын байқауға болады. Бұл жағынан ол Төле бимен дәмдес қана болмаған, пікірлес дос болған. «Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгенбайды айт!» деп Тәттіқара жырау жырлағандай, қазақ халқы өзінің даңқты ұлының тұлғасын мәңгі жүрегінде сақтап, ауыздан-ауызға таратуда.

Бөгенбай батыр 1761 жылы Абылай ханның ұлы Әділ жүргізген Қытай империясы мен Қазақ хандығы арасындағы келісімге де барған. Қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жоңғар шапқыншыларына қарсы шайқастардағы Бөгенбай батырдың жетістіктері Ресеймен достығымызды нығайтып, біріккен одақ құруға септігін тигізді. Бұл қазақ пен орыс халықтарының арасындағы достық пен бірліктің бастамасы болып табылады.

Оның ерліктеріне деген құрмет ретінде батырдың денесі Түркістан қаласындағы дүние жүзіне әйгілі Қожа Ахмет Иассауи Кесенесінде жерленген, басына граниттен құлпытас қойылған.
Бәйсейітова Күләш (Гүлбаһрам) Жасынқызы – қазақтың әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі (1936), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1948-1949).Туып-өскен жері – Қарағанды облысының Шет ауданы. Топырақ бұйырған жері – Алматы қаласы.

Күләштің әншілік өнерге бейімділігі жас кезінен-ақ байқала бастаған. Оның бойындағы қабілеттің ұшталуына ән мен күйге жүйрік әкесі Жасынның да әсері зор болған. Жеті жылдық мектеп бітірген соң Күләш Қазақтың педагогикалық институтына түсіп, ондағы көркем-өнерпаздар үйірмесіне белсене араласады. Қала жастарының өнер байқауларында әншілік дарынымен көзге түседі. 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрының труппасына қабылданады. Күләш сахна өнерінің қыр-сырына қызыға ден қойып, кешікпей-ақ театрдың белді артистерінің қатарынан көріне бастайды.

Образдардың табиғатын тап басып тану, ол танығанын өмірлік шынайы шеберлікпен жеткізе білу, әсіресе туа біткен әншілік қабілеті кейіпкер болмысын аша түсуі де Күләштің сахна өнері үшін жаралған жан екенін әйгілей түседі.

Күләш 1933 жылы жаңадан ашылған музыка студиясына қабылданады. Алғаш рет Қазақ музыка театрының шымылдығы 1934 жылы «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен ашылғанда, Күләш басты рольді үлкен шеберлікпен ойнап, Айман бейнесі арқылы Қазақ қыздарының ар-намыстан жаралғандай парасатты болмысын шабытпен тұлғалайды. 1934 жылы 22 жасында «СССР-ға Еңбегі сіңген артист» атағына ие болады. Ал халық оны «қазақтың бұлбұлы» деп атаған. Күләштің ғажайып қабілеті мен дарыны Б.Майлин мен И.В.Коцыхтың «Шұғасындағы» - Шұға, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы – Жібек образдарын сомдау барысында одан әрі жарқырап ашыла түседі. Бұл рольдер арқылы оның бойындағы әншілік-артистік қабілеттің ғажайып мүмкіндіктері барша болмысымен көрініс тауып, қазақ сахна өнерінің соны табысы ретінде жұртшылықтың ықылас-ілтифатына бөленді. Ол жаңа қаз басқан қазақ сахна өнерінің шын мәнінде тірек тұлғасына, 1ұйтқысына айналды. Аз уақыт аясында Е.Брусиловскийдің «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Алтын астық», А.А.Зильбердің «Бекет», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», Д.Ж.Пучинидің «Чио-Чио-Сан», «Евгений Онегин» сияқты операларында басты рольдерде ойнап, басты вокальдық партияларды орындап, қайталанбас хас шеберлігімен танылды. Бір-біріне ұқсамайтын кереғар образдар, иірім-қайырымы әр алуан вокальдық партиялар Күләштің көп қырлы, алуан сырлы дарынының арқасында алмастай жарқырап ашылып, эстетикалық-эмоциялық қуаты мейлінше тегеурінді образдар галереясы жасалды.

Күләш Бәйсейітова концерттік әнші ретінде де дүние жүзіне танылған қайталанбас дарын иесі бола білді.

Arman hakkındaki Notlar